Буллинг және жасөспірімдер арасындағы кибербуллинг

                                                                                                                                                                                     

Жасөспірімдер арасындағы буллинг және кибербуллинг

Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг мәселесі қоғамды алаңдатып отыр. Оның кең таралуы балалар мен жасөспірімдердің физикалық және психологиялық денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Буллинг – бір адамның немесе адамдар тобының өзін қорғай алмайтын адамға қатысты физикалық немесе психологиялық күш көрсетуі, қорқытуы, кемсітуі немесе қысым жасауы. Мұндай әрекеттер бір рет орын алуы немесе ұзақ уақыт бойы қайталануы мүмкін.

Буллингтің негізгі түрлеріне мыналар жатады:

  • Физикалық буллинг – қасақана итеру, ұру, тебу, дене жарақатын келтіру және басқа да күш көрсету әрекеттері;
  • Психологиялық буллинг – ауызша қорлау, қорқыту, қудалау, үркіту;
  • Әлеуметтік буллинг – оқшаулау, достарынан ажырату, жағымсыз қауесеттер тарату;
  • Материалдық қысым көрсету – ақша, тамақ немесе басқа заттарды күшпен талап ету, бір нәрсені ұрлауға мәжбүрлеу.

Білім беру ұйымдарында және отбасында буллингті анықтаудың негізгі жолы – педагогтер мен ата-аналардың жасөспірімнің мінез-құлқына мұқият бақылау жасауы.

Қазіргі уақытта психологиялық қысым көрсетудің кең таралған түрлерінің бірі – кибербуллинг. Кибербуллинг – заманауи коммуникациялық технологияларды, ұялы телефондарды, интернетті және басқа да электрондық құрылғыларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын интернеттегі қудалау мен қорлау.

Кибербуллингке мыналар жатады:

  • қорлайтын немесе қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберу;
  • адамның ар-намысына тиетін пікірлер жазу;
  • рұқсатсыз фото және бейнематериалдар жариялау;
  • жалған ақпарат пен қауесет тарату;
  • әлеуметтік желідегі аккаунтты бұзу;
  • адамның атынан жалған парақша ашу;
  • интернетте қорқыту немесе бопсалау.

Кибербуллингті қалай анықтауға болады?

Адамның келісімінсіз интернетте жарияланған қорлайтын, кемсітетін немесе қауіп төндіретін хабарламалар, фото және бейнематериалдар кибербуллингке жатуы мүмкін.

Кибербуллингтің алдын алу шаралары

  1. Жасөспірімдерге қауіпсіз интернет ортасы туралы түсінік қалыптастыру.
  2. Баламен компьютерді, смартфонды және басқа да гаджеттерді пайдалану ережелерін талқылау, интернетті пайдалану уақытын белгілеу және қауіпсіз интернет-ресурстарды таңдауға көмектесу.
  3. Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, суицидті, есірткіні және қоғамға жат әрекеттерді насихаттайтын материалдардан баланы қорғау.

Буллинг пен кибербуллингтің алдын алуда ата-ананың рөлі

Егер кәмелетке толмаған бала буллингке немесе кибербуллингке тап болса, ата-аналарға келесі әрекеттер ұсынылады:

  1. Балаға эмоционалдық қолдау көрсету. Баламен сенімді қарым-қатынас орнатып, болған жағдай туралы ашық сөйлесуге мүмкіндік беру қажет. Бала ата-анасының оны жазалау үшін емес, қорғап, көмектесу үшін әрекет ететінін түсінуі керек.
  2. Баланы мұқият тыңдау. Не болғанын анықтап, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін және оның балаға психологиялық тұрғыдан қалай әсер еткенін түсінуге тырысу қажет.
  3. Баланы сабырға шақыру. Мысалы, әлеуметтік желідегі аккаунты бұзылса немесе біреу қорқытып, ақша талап етсе, баланы кінәламай, мәселені бірге шешудің жолдарын қарастыру қажет.
  4. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Егер жағдай интернеттегі немесе өмірдегі зорлық-зомбылықпен байланысты болса, агрессор туралы мүмкіндігінше ақпарат жинау, олардың арасындағы қарым-қатынасты анықтау және агрессордың бала туралы қандай мәліметтерді білетінін анықтау қажет.
  5. Дәлелдерді сақтау. Оқиғаға қатысты хабарламаларды, скриншоттарды, фото және бейнематериалдарды сақтап қойған жөн. Қажет болған жағдайда бұл материалдар құқық қорғау органдарына жүгінген кезде маңызды болуы мүмкін.
  6. Мамандардан көмек сұрау. Егер ата-ана жағдайдың қаншалықты күрделі екенін анықтай алмаса, бала ашық сөйлесуге дайын болмаса немесе ата-ана әрі қарай не істеу керектігін білмесе, психологқа, сенім телефонына немесе тиісті мамандарға жүгінген дұрыс.